Қыркүйек 15, 2008

Бақыт туралы

Posted in Ұлылар айтқан ұлы сөз. at 11:22 тд жіберуші zhannur

Асқан сұлулықтан аз ғана бақыт артық.

                                               Әлішер Науаи

 

Бақытты болғың келсе, өмір туралы аз ойла.

                                               Томас Фуллер

 

Басқаға қуаныш сыйлай білген – ең бақытты жан.

                                               Дени Дидро

 

Бақыттың мәні – парасаттылықта, әркімнің өз алдына игілікті мақсат қоя білуінде…адамның өз мінез-құлқын, ісәрекетін ерікті түрде өзгертіп, игілікке бағыттап отыруында.

                                                Әбу Насыр әлФараби

 

Бақыт – көктемгі бұлт сияқты. Ол – көрген түстей, ұшқан құстай өте шығады.

                                               Ахмед әлИүгінеки

Қыркүйек 8, 2008

Өмірімдегі өзгеріс…

Posted in 1 at 11:59 тк жіберуші zhannur

       Құрметті блогшылар! Осы ортада, яғни ғаламторда өздеріңізбен жүздеспегелі біраз уақыт болды.

       Бұл жаз айы барлығымызға да қызық пен қуанышқа толы болған шығар. Әлия блогында осы тақырыпта пост жазған еді. Ал енді маған келер болсақ; оқуымды аяқтадым, жұмысқа орналастым, “қыз мұраты – кету” деп дана халқымыз айтқандай, шiлде айының 19 жұлдызында қасиетті Жаңаарқа жерінде ұзату тойы болды да, 25-шiлде күні Астана қаласында үйлену тойымыз болды. Демалып, Қайрат екеуміз жұмысқа да кірістік. Баспасөз қызметінде жұмыс атқарып жатқаныма 2 апта болды. Қазір Астананың тұрғынымын, иншаллаһ отбасылық өмірге үйреніп келемін. Айтайын дегенім осы…

                                       

 

                             

 

 

                      

 

 

                    

 

 

                

 

 

 

 

Тамыз 31, 2008

Kasietti Ramazan aiy mubarak bolsyn!

Posted in Oraza aiy tagged at 11:43 тк жіберуші zhannur

           

Bismillahi-r rahmani-r rahim

Assalaymagaleikum, kurmettu dostar!

Kasietti Ramazan aiy kutty bolsyn. Niet etken barlyk musylman bauyrlardyn orazasy kabyl bolsyn!

Шілде 8, 2008

Сәлем достар!

Posted in Анау-мынау tagged , at 7:58 тд жіберуші zhannur

Сәлем достар, бүгін сендермен қауышып отырғаныма қуаныштымын. Біраз уақыт бойы бұл кеңістікте болмадым. Дипломды қорғасымен ауылға кеттім. Ата-анамның қасында, таза ауада демалып, құрт, қаймақ жеп, қымыз ішіп, біраз тынығып қайттым. Жаңа блогымды ашып, әр блогқа кіріп жазбаларды оқыдым. Асхат аға, Әлия, Ақзере, Бақытнұр жазбаларыңыз өте қызықты. Сонымен, кеше көптен күткен күн жетті. Дипломды қолға алдық. (үздік деген мектеп бітіргенде ту түстес болып еді, бұл жолы қызыл таңқалдым. Ол түс совет үкіметі уақытында болушы еді ғой)  Студенттер сарайына адам көп жиналды, ата-аналар, туыстар, достар. Себебі тек журналистерге емес, филология факультеті болды. Содан кішігірім концерт өтті. Түлектер үшін жерлес әншіміз Сейіл Аяғанов ән шырқады. Бәрінің жүзінде қуаныш. Әрине қайталанып келмейтін шақ. Бірақ мен өзім бір түрлі сезімде болдым. Дегенмен де қимайды екенсің. Тобымыздың барлығы жиналды тек ортамызда тобымыздағы сұлу да сүйкімді  Әлия болмады. Әр адамның орны ерекше болады ғой, оның бізбен бірге болмағаны сезіліп тұрды. (есесіне мен 2 диплом алдым) Келесі жолы міндетті түрде тобым туралы кеңінін тоқталып жазамын.

Енді осы жазбаны жаза салып, дипломды қолға алып тағы Ақтүбекке кетем. (туған жерім Жаңаарқа ауданы, Ақтүбек ауылы біліп жүріңіздер..)).. )

Маусым 15, 2008

Блог – достық, туыстық….

Posted in Оқыңыз қызық... tagged , at 4:40 тк жіберуші zhannur

Блог бастағалы аз ғана уақыт болса да көп достар таптым. Меніңше тек қана мен емес сіздерде!Сондықтан блог тек өз ойыңды жазу, жеке күнделік жүргізу емес, бұл қарым-қатынас құралы екеніне сіздердің де, менің де көзім жетті. Әрқайсысымыз әртүрлі жазамыз, мінезіміз де, стиліміз де, (мәселен «дачы» блогшылар арасында қалыптасып келе жатқан жаңа сөз қолданысы авторы-Айко) тақырыбымыз да  әртүрлі, орналасқан ортамыз да әр қилы. Мысалы мен Қарағандыдамын, сіз Алматыдасыз, ол Астанада, енді бірі Ақтөбе, болмаса Америка, Корея сияқты алыс шет елдерде. Бірақ бізді байланыстырып отырған БЛОГ.  Блог арқылы бәріміз танысып, бір-бірімізді көрмесек те, бұрыннан таныс адамдардай араласамыз. Интернетте онсызда танысуға болады ғой, (чат арқылы, т.б.) бірақ блогшылар арасындағы таныстық мүлдем өзгеше. Әр блогқа кіресің, әр түрлі жазба оқисың. Әрқайсысы өзінше ерекше, әрқилы тақырып, әрқилы стиль. Біз белгілі бір тақырып аясында әңгіме бөлісеміз, пікір алмасамыз, кейде ойымыз да, мақсатымыз да бір арнада тоғысып жатады. Өзгенің берген пікірі кез келген блогшыға бағалы. Демек оның жазғаны сізді қызықтырады. Осылайша біздің арамызда таныстық та, достық та, туыстық қарым-қатынас та болып жатыр. Біріміз аға болып, қарындас болып, біріміз құрбы болып, дос болып жатырмыз. Енді мүмкін махаббат та туа қалар. (бұл жаңа ғана туып отырған идея)

Маусым 12, 2008

Диплом қорғалды.

Posted in Ақпарат at 9:08 тд жіберуші zhannur

Бүгін «Интернет журналистиканың құқықтық аспектілері» атты дипломдық жұмысымды 5-ке қорғап шықтым. Үстімнен бір жүк түскендей жақсы бір сезімдемін. Бұл тақырыпты зерттегеніме де жарты жылдың жүзі болды. Бір қызығы, зерттеу жұмысымды 5 мин. ішінде қорғап шықтым. Дипломдық жұмысты жазу барысында көмектескен ғылыми жетекшім, ұстазым Мейрамхан Сағынқызына және «өте жақсы» деп пікір білдіруші Асхат ағаға, маған керекті мәліметтер табыла қалса жинап жүрген Әлияға шын жүрегімнен алғыс білдіремін. Міне, студенттік кезеңнің соңғы сәттеріне де келіп жеттік. Енді дипломды аламыз, содан соң қызық пен қуанышқа толы студенттік өмірмен қоштасамыз. Осы  төрт жыл көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Тіпті аңғармай да қалдық. Ертең тобымыздағы қалған 5 бала тапсырады. Бүгінгі қорғауымыз Саяның туған күнімен тұспа-тұс  келді. Дипломды тапсырып шыққаннан кейін, торт алып асханада шай іштік. Бәріміз қуаныштымыз, бірақ жанарымызда мұң бар….

Мамыр 29, 2008

Тұңғыш басылым «ТУГ» еді…

Posted in Бүгінгі сұхбат tagged , at 12:33 тк жіберуші zhannur

Достар, бүгін блогыма жаңа айдар қосып отырмын. «Бүгінгі сұхбат» айдарының алғашқы қонағы ұстазым, Мейрамхан Сағынқызы Жәпек.

  • Мейрамхан апай, журналист болу әйел адамның қолы емес дейді. Осы пікірге көзқарасыңыз қалай?

– Әйел мейірленсе, дүние гүлденіп шыға келері сөзсіз.  Журналистикада да өмірдегідей еркектерден асып түсу керек деген қағида жоқ. Бірақ өз басым жалпы алғанда, жынысқа, тегіне бөлінушілікке қарсымын. Қазақта «байтал шауып бәйге алмас» деген сөз бар. Бірақ оның айтылатын орны, реті бар. Біз бұл нақылды дұрыс қолданбаймыз.

  • Өзіңіз журналистиканың тізгінін ұстап жүрген талай майталмандарды дайындаған ҚазМУ-дің түлегісіз. Журналистиканың атасы Темірбек Қожакеевтің шәкіртісіз. Ал Темірбек ағаның шәкірті болу үлкен бақыт қой. Ұстазыңыз жайлы айтып өтсеңіз?

– 1989 жылы мен ҚазМУ-ге журналистикаға оқуға қабылданғанда жоғары курстың студенттері білім министрлігіне арыз жазып қол жинап жүр екен. Бізге де келді. Сөйтсе Темірбек ағаны 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан кейін жала жауып, оқу орнынан шығарып жіберіпті. Енді соны жастар қолға алып, қайтадан қабылдатпақ екен. Жаппай қол қойып бердік, сөйтіп ағай бізге бес жыл бойы дәріс оқыды. Дәрістерінде мін жоқ. Дәлелді, тартымды, пафосты еді. Қайыспайтындарды жақсы көретін. Еңбекқорларды құрметтейтін. Мақалаларымызды оқыса міндетті түрде елдің алдына айтып мақтайтын. Талабы өте жоғары-тын. Топта елу бала едік. Бәрімізді атымызбен айтатын. Тіпті қайсы облыстан екенімізді, ол облыстағы белгілі адамдарды сұрайтын. Энциклопедиялық білім иесітін. Қалай шақшадай басына осыншама ақпарат сияды деп таң қалатынбыз.

  • Бірнеше жылдар бойы Қарағанды Мемлекеттік Университетінде ұстаздық қызмет етіп келесіз. «Қазақ журналистикасы тарихынан» дәріс оқисыз. Студенттердің қызығушылығы қалай?  

– «Бұрынғы студенттер жақсы еді» деп әріптестерім айтады, өз басым бұрын олай еді, қазір нашар деп айта алмаймын. «Әр заманның тұсында бір сұрқылтай» демекші. Заманына қарай адамы шығар. Өзінің елінің тарихын, баспасөзінің өткенін, білмекке құштар студенттер әлі де жетерлік. Бұрын қазақ баспасөзі 1949 жылы Қ.Бекқожиннің диссертациясынан кейін 1988 жылдан «Дала уалаятының газетінен» басталады деп келді ғой. 1962 жылы жас ғалым Ү.Субханбердина Петербург кітапханаларынан «Түркістан уалаятының газетінің» қазақ тіліндегі сандарын тауып алады. Зерттей келе тұңғыш басылым «ДУГ» емес «ТУГ» екеніне көз жеткізеді. Бірақ тоталитарлық жүйе қазақтың қаршадай қызының жаңалығын мойындауға асықпады. Қазақ журналистикасының тарихын негізгі пән ретінде оқыту сөзсіз тәуелсіздігіміз ұсынған баға жетпес байлық. Дегенмен қазақ баспасөзі тарихын оқытудың, зерттеудің өзекті мәселелері жетерлік. Бұл өзі баяу дамып келе жатқан сала. Жеткен жетістіктерімізге тоқмейілсуге әлі ерте. Баспасөз тарихы арқылы өзгелерге бай мәдениетімізді, нәрлі әдебиетімізді, салт-дәстүріміздің інжу-маржандарын таныстыруға болады. Баспасөз өмір айнасы десе дегендей. Мен журналистика кафедрасының түлектерінің эфирден өткен сюжеттерін көргенде, басылымдардағы мақалаларын оқығанда, олардың мазмұнынан өз қолтаңбамды көремін, сол кезде шексіз бақытқа кенелемін. Ұстаз бақыты деген осы шығар. Әрине, орыс топтарында қазақ баспасөзін мойындамау, мұрын шүйіре қарау сарыны әуелде байқалып қалғанымен, оқу барысында түсінісіп, кейін тіпті олар «қазақ баспасөзі осыншалық бай болған екен-ау» деп таң қалып жатады. Талап, қазақ орыс топтарына да ортақ.

 

  • Мейрамхан апай, журналистикамен қатар оқытушылықты, ғалымдықты қатар алып жүру қиын емес пе? Өйткені көпшілігіміз сізді М.Шоқайтанушы, Тұрартанушы ретінде білеміз?

Оңай десем, өтірік болады. Қызық дегенім дұрыс шығар. Себебі журналистика мен ғылымда ортақ бір нәрсе бар. Ол зерттеу жүргізу. Менің дипломдық жұмысым Мұстафа Шоқайұлының публицистикасы болса, ғылыми диссертациямның тақырыбы «Тұрар Рысқұлов-публицист». Негізінен екеуі екі өңірден шыққан екі түрлі адам болғанымен, екеуінің де саяси бағыты екі түрлі болғанымен, түпкі идеясы-қазақтың бірлігі-тін. Қос бәйтеректің мұрасын зерттеу барысында мен жаз айларында қанша мемлекеттің мұрағаттарынан шаң басқан тарихи құжаттарды ақтардым. Қаншама тың деректер таптым. Осы екі азаматтың дүниесін зерттеу барысында менің таным көкжиегім кеңіді, соның арқасында мен студенттеріме біршама бай мәліметтерге толы дәрістер оқып жүрмін. Менікі ұлтқа пайдалы іс жасау, адал қызмет ету.   

  • 2004 жылы АҚШ-тың, 2005 жылы Швецияның жоғары оқу орындарында оқу-тәжірибе алмасып қайттыңыз. Алған әсеріңіз қандай болды?

– Бұл бағытта мен өзімді бақытты адам санаймын. Ата-бабамыздың «көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен болсың» деуі тегін емес, тағы бір дуалы сөз бар «атың барда ел таны» деген. Бұл елдерге сапар шеккенде мен қазіргі американдықтардың еліне, не болмаса «теңіз жолбарыстары»-викинг тердің еліне бара жатырмын деп емес, бір кездері баһадүр аталарымыздың атының тұяғының дүбірі сондағы мың сан халықтың жүрегін дүрсілдеткен, бабаларымыздың қонысы болғанбір жұртқа бет алдым деп жатсынбай қарадым. Мәселен, Швецияда болғанымда дәрістер басталмас бұрын оқытушы біздің Қазақстаннан келгенімізді естіп, өткен тарихтың жәдігерлерін деректеп, «өз елдеріне қош келдіңдер» дегенде, төбеміз көкке жете жаздағанын мақтанышпен айтамын. Ал, енді осы елдердегі журналистиканы оқыту мәселесіне оралар болсақ, екі түрлі. Бізге сәйкес келмейді. Олардың өздерінде де толып жатқан қарама-қайшылықтар бар. АҚШ-тың бес штатында болып, он екіге жуық қаласын араладық. Мәселен, Миссури журналистика мектебі осы елдегі жоғары оқу орнының бірі болып саналады. Олар дамудың жаңа көкжиегіне көтерілген сыңайлы. Скотт Байрон бастаған ұстаздар (біздегі профессор Намазалы Омашевқа ұқсайды) практикалық журналистиканы дамытуда. Студенттер университет қабырғасында оқып жүріп-ақ, оқу орны аумағынан шықпай қаражат табады. Басылым редакциясы, кең аудиториялардың бірінде орналасқан. Вашингтонда таяу орналасқан Мэриленд университеті журналистика тарихына баса назар аударады. (Ал, бізде әлем журналистикасына қаншама сағат бөлінеді ғой) Негізгі пән ретінде оларда «АҚШ журналистикасы тарихы» жан-жақты оқытылады. Элис Бонер бастаған ғалымдар Америка журналистикасының өткенін зерттеумен айналысатын ғылыми зерттеу институты дерсің. Ал, Мармондар елі, Юта штатында Солт Лейк Ситиде фото журналистикаға толықтай маңыз берген. Жасыратыны жоқ, қазір фото журналистиканың біздің елдегі қарқыны шабан. Техас штатының орталығы Остин журналистика институты баспасөздің қазіргі заманғы өзекті мәселелерін зерттеумен (дін, экология, гендерлік саясат) айналысады. Ал, енді Еуропа елдеріне келер болсақ, мәселен, Кальмар университетінде студенттер бір екі теорялық дәрістен кейін-ақ тікелей эфирлерге қатысып, өздері де батыл сюжеттер жасап, зор әрекеттерге баратыны бізге таңсық болды. Осы жерде студенттердің жас ерекшелігінде айырмашылық бар екендігін ұмытпаған жөн. Мәселен, біздің оқу аудиторияларымызды негізінен, 17-ге жасы енді толған бойжеткен мен бозбалалар толтырса, оларда колледж тауысып келген 21-22 жастағы оң-солын танып қалған, пікір айтуға икемі бар жастар отырады.

  • Әңгімеңізге рахмет. Шығармашылық табыс тілеймін.

Сәуір 16, 2008

Арқаға қар жауды.

Posted in Анау-мынау at 9:57 тд жіберуші zhannur

Кеше ғана ел жеңіл киімдерін киіп жатса, күн шуағына бөленіп жатса, бүгін Қарағандыға қыстың қаһары келді. Таң атқаннан күн суық еді, енді түстен бастап қар толастар емес. Оның үстіне жел қосылып, күн борандатып тұр. Естуімше кеше Астанада да қар жауып, боран болды деген. Сонда құрбым Әйгерім «сол қар ертең бізге келер» деп еді. Айтқаны келді.  Көктемнің күлімдеген күнінде күннің күрт өзгеруі, мүмкін тылсым табиғаттың таңғажайыбы болар.

Наурыз 12, 2008

Жымиясың сен неге?

Posted in Ақпарат at 1:57 тк жіберуші zhannur

     Жақында, дәлірек айтқанда ақпан айының соңында,  кураторымыз Мартбек Тоқмырзаның тұңғыш кітабы жарыққа шықты. Кітабының аты «Жымиясың сен неге?» Онда сатриалық әңгімелер, сықақ өлеңдер, шартты фельетондар мен интермедиялар топтастырылған. Оның көптеген сатиралық шығармалары республикалық «Қазақ әдебиеті», «Жалын», «Ара» т.б. басылымдарында жарық көрген.

Мартбек аға қазіргі қазақ сатирасының орта буын өкілі.  Ол Әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің журналистика факультетінің түлегі.  Отбасылық жағдайына келер болсақ – бір әйелі, екі ұлы бар. Осы кітаптан алынған бір-екілі (қысқа) сатиралық шығармалары. 

ЕМТИХАН

Мал дәрігерлік институтта емтихан жүріп жатыр.

Профессор: Егер мал жұқпалы аурумен ауырса не істейміз?

Студент: Етке салып жібереміз.

Профессор: Шырағым-ау, сонда қалай? Ол малдың етін жеген адамдар ауруға шалдығады ғой.

Студент: Бұл сұрақтың бізге қатысы жоқ деп ойлаймын.

Прфессор: Неге?

Студент: Себебі, ауырған адамды біз емес, дәрігерлер емдеуге тиіс.

                                                       ҮЙЛЕНУ

Үйлену – өз еркіңмен қойнына жылан салу. Онымен өмір бойы арбасып өту. Егер ол шақпайтын болып кездессе – бағың жанды. Ал улы болса, сорыңды қайнатып шағады да отырады. Жыланның тісін қағып алып, залалсыздандыруға болады ғой. Бірақ ондай шеберлер сирек кездеседі.

Наурыз 1, 2008

Көктем келді…

Posted in Анау-мынау at 11:59 тд жіберуші zhannur

Алғашқы жазбаны жазғаннан кейін, күніне қарасам 1 наурыз. Бүгін көктемнің алғашқы күні. Сондықтан барша адамзатты көктемнің алғашқы күнімен құттықтаймын!

Қарағандыға көктем ерекше ауа-райымен келді. Аспаннан күн күлімдеп тұр, адамдардың барлығы ерекше бір көңіл күйде. Қыстық тондарын шешіп, жеңілденіп қалғандай.

Табиғат Ана әдемі әсемдікке бөленіп тұр!

Дәл бүгін, бәлкім, ақындардың жаңа бір өлеңі туып, қыздарымыз құлпырып, жігіттеріміз ғашық болып жатқан шығар….

Бұл көктем бізге мол жақсылығын  берер!

Келесі бет