Шілде 8, 2008

Сәлем достар!

Posted in Анау-мынау tagged , at 7:58 тд жіберуші zhannur

Сәлем достар, бүгін сендермен қауышып отырғаныма қуаныштымын. Біраз уақыт бойы бұл кеңістікте болмадым. Дипломды қорғасымен ауылға кеттім. Ата-анамның қасында, таза ауада демалып, құрт, қаймақ жеп, қымыз ішіп, біраз тынығып қайттым. Жаңа блогымды ашып, әр блогқа кіріп жазбаларды оқыдым. Асхат аға, Әлия, Ақзере, Бақытнұр жазбаларыңыз өте қызықты. Сонымен, кеше көптен күткен күн жетті. Дипломды қолға алдық. (үздік деген мектеп бітіргенде ту түстес болып еді, бұл жолы қызыл таңқалдым. Ол түс совет үкіметі уақытында болушы еді ғой)  Студенттер сарайына адам көп жиналды, ата-аналар, туыстар, достар. Себебі тек журналистерге емес, филология факультеті болды. Содан кішігірім концерт өтті. Түлектер үшін жерлес әншіміз Сейіл Аяғанов ән шырқады. Бәрінің жүзінде қуаныш. Әрине қайталанып келмейтін шақ. Бірақ мен өзім бір түрлі сезімде болдым. Дегенмен де қимайды екенсің. Тобымыздың барлығы жиналды тек ортамызда тобымыздағы сұлу да сүйкімді  Әлия болмады. Әр адамның орны ерекше болады ғой, оның бізбен бірге болмағаны сезіліп тұрды. (есесіне мен 2 диплом алдым) Келесі жолы міндетті түрде тобым туралы кеңінін тоқталып жазамын.

Енді осы жазбаны жаза салып, дипломды қолға алып тағы Ақтүбекке кетем. (туған жерім Жаңаарқа ауданы, Ақтүбек ауылы біліп жүріңіздер..)).. )

Сәуір 16, 2008

Арқаға қар жауды.

Posted in Анау-мынау at 9:57 тд жіберуші zhannur

Кеше ғана ел жеңіл киімдерін киіп жатса, күн шуағына бөленіп жатса, бүгін Қарағандыға қыстың қаһары келді. Таң атқаннан күн суық еді, енді түстен бастап қар толастар емес. Оның үстіне жел қосылып, күн борандатып тұр. Естуімше кеше Астанада да қар жауып, боран болды деген. Сонда құрбым Әйгерім «сол қар ертең бізге келер» деп еді. Айтқаны келді.  Көктемнің күлімдеген күнінде күннің күрт өзгеруі, мүмкін тылсым табиғаттың таңғажайыбы болар.

Наурыз 1, 2008

Көктем келді…

Posted in Анау-мынау at 11:59 тд жіберуші zhannur

Алғашқы жазбаны жазғаннан кейін, күніне қарасам 1 наурыз. Бүгін көктемнің алғашқы күні. Сондықтан барша адамзатты көктемнің алғашқы күнімен құттықтаймын!

Қарағандыға көктем ерекше ауа-райымен келді. Аспаннан күн күлімдеп тұр, адамдардың барлығы ерекше бір көңіл күйде. Қыстық тондарын шешіп, жеңілденіп қалғандай.

Табиғат Ана әдемі әсемдікке бөленіп тұр!

Дәл бүгін, бәлкім, ақындардың жаңа бір өлеңі туып, қыздарымыз құлпырып, жігіттеріміз ғашық болып жатқан шығар….

Бұл көктем бізге мол жақсылығын  берер!

Жауапты кезең!

Posted in Анау-мынау tagged , , at 11:46 тд жіберуші zhannur

Осы бір аптаның қалай өте шыққанын білмей қалдым. «Келер күн баяу жылжиды, бүгінгі күн сынаптай сырғиды, өткен күн құйындай ұйытқиды» деген сөздің жаны бар.

Бүгін тағы да күндегі әдетіміз бойынша университеттке келдік. Күні бойы дайындық үстінде болдық. Не үшін дейсіңдер ғой. Дүйсенбіден бастап, ҚарМУ мемлекеттік аттестациядан өтеді. Бұл аттестациядан әрбір жоғарғы оқу орны 4 жылда бір рет өтіп отырады екен. Ал біздің ҚарМУ алғаш рет 2004 жылы өткен. Енді міне, биылғы жылға дөп келіп тұр. Әйтеуір бізге келгенде барлығы дайын тұрады. (Тура биыл болуын қарашы!!!) Мектеп бітіретін жылы «тест», «тест» деп республикада бірінші болып ҰБТ тапсырған едік. Бұл сынақтан өттік. Одан оқу орнына түскеннен кейін, яғни 2 курс бітіретін жылы  Мемлекет аралық бақылау болды.  Дәл бізге келгенде мұның да өткізу тәртібі өзгерді ғой. Жылда студенттер ҚарМУ-дың өзінде тапсыратын еді. Бұл жолы басқа университеке барып тапсырдық. Ол сынақтан да өттік. Енді дүйсенбі күні аттестация тапсырамыз. Тағы тест. Әр студент 72 балл жинау қажет. Бірақ журналистика кафедрасына мынадай өзгеріс қойыпты. Тележурналистика мен Публицистика жанры пәндерінен шығармашылық емтихан тапсырамыз. Ал Қазақ журналистикасының тарихы және Журналистикаға кіріспеден тест тапсырамыз.  Бұл тек қана өзіміз үшін емес, кафедра үшін де жауапты сын.

Бұл сыннан да сүрінбей өту керек.

Қаңтар 29, 2008

Барды бағалай білейік!

Posted in Анау-мынау at 10:53 тд жіберуші zhannur

Адам сұлулығының сыры неде? Неліктен сұлу болғымыз келеді? Қалайша сұлулыққа құмармыз?

Айна алдында отырып бет-әлпетіміздің сұлулығына үңіле бергенше, бір сәтке болса да жан жүрегіміздің, ішкі дүниеміздің терең сырларына бойлап көрейікші…

Иә, сен сұлусың, сен әдемісің. Бірақ сыртқы сұлулығымыздан гөрі ішкі рухани жан дүниеміздің әсемдігіне неге мән бермейміз? Адам бойындағы асыл қасиеттердің ен негізгісі ішкі дүние сұлулығы емес пе?

Әрине, кез келген қыз бала сұлу болып көрінгісі келеді.Өңі сұлу болмаса да, түрлі бояуларды жағып, соңғы үлгіде киініп, сымбатты болуға тырысады. Сөйтіп жүріп өзіндік шынайы табиғи сипатынан, жақсы қылығынан айырылып қалады. Содан кейін жасандылыққа бой ұрады. Өз басым «өңі сұлу адамдар өмірде бақытты жандар» дегенге келісе алмаймын. Адамның жаны сұлу болса ғана, оның тәні де сұлу болмақ емес пе? Ең басты байлық – ішкі жанның сұлулығы, ішкі рухани құндылық. Алайда мұны түсініп жатқан қыздарымыз аз. Қазіргі кезде көптеген қыздар косметикалық бояуларды тым ерте қолдана бастайды. Сөйтіп жүріп оған тәуелді болып қалғанын сезбейді. Бояусыз уйден аттап шыға алмайтын болады. Бұл, әрине, өте аянышты. Қазіргі көп құрбыларымыз, замандастарымыз қазақ қыздарына тән табиғи сұлулықтан, ибалылықтан алшақтап барады. Жасанды болмыс-бітімнің, жасанды қылықтың керегі қанша? Өкініштісі бұл сұрақ қыздарды аз ойландырады, кейбіреуін мүлде ойландырмайды да.

Қаңтар 25, 2008

Қазақ блогшыларына арналған семинар

Posted in Анау-мынау at 1:06 тк жіберуші zhannur

Бүгін қаламызда қазақ блогшыларына арналған семинар өтті. Бас қосуға Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ журналистика бөлімінің студенттері және ұстазымыз Мейрамхан Сағынқызы қатысты. Ал семинарды ұйымдастырушы әрі жүргізген белгілі блогер Асхат Еркімбай. Семинар барысында интернет журналистиканың жаңа қыры блогинг туралы мол мағлұматтар айтылды. Жалпы блог дегеніміз не, оны қалай ашуға болады, оның пайдасы қандай т.б сұрақтарға студенттер жауап алды. Жаңамедия, жаңа технологияны пайдалану жөнінде пікір алмасты. Блог ашуға бел буған жас журналистерге семинар өте қызықты әрі пайдалы болды.