Маусым 12, 2008

Диплом қорғалды.

Posted in Ақпарат at 9:08 тд жіберуші zhannur

Бүгін «Интернет журналистиканың құқықтық аспектілері» атты дипломдық жұмысымды 5-ке қорғап шықтым. Үстімнен бір жүк түскендей жақсы бір сезімдемін. Бұл тақырыпты зерттегеніме де жарты жылдың жүзі болды. Бір қызығы, зерттеу жұмысымды 5 мин. ішінде қорғап шықтым. Дипломдық жұмысты жазу барысында көмектескен ғылыми жетекшім, ұстазым Мейрамхан Сағынқызына және «өте жақсы» деп пікір білдіруші Асхат ағаға, маған керекті мәліметтер табыла қалса жинап жүрген Әлияға шын жүрегімнен алғыс білдіремін. Міне, студенттік кезеңнің соңғы сәттеріне де келіп жеттік. Енді дипломды аламыз, содан соң қызық пен қуанышқа толы студенттік өмірмен қоштасамыз. Осы  төрт жыл көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Тіпті аңғармай да қалдық. Ертең тобымыздағы қалған 5 бала тапсырады. Бүгінгі қорғауымыз Саяның туған күнімен тұспа-тұс  келді. Дипломды тапсырып шыққаннан кейін, торт алып асханада шай іштік. Бәріміз қуаныштымыз, бірақ жанарымызда мұң бар….

Наурыз 12, 2008

Жымиясың сен неге?

Posted in Ақпарат at 1:57 тк жіберуші zhannur

     Жақында, дәлірек айтқанда ақпан айының соңында,  кураторымыз Мартбек Тоқмырзаның тұңғыш кітабы жарыққа шықты. Кітабының аты «Жымиясың сен неге?» Онда сатриалық әңгімелер, сықақ өлеңдер, шартты фельетондар мен интермедиялар топтастырылған. Оның көптеген сатиралық шығармалары республикалық «Қазақ әдебиеті», «Жалын», «Ара» т.б. басылымдарында жарық көрген.

Мартбек аға қазіргі қазақ сатирасының орта буын өкілі.  Ол Әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің журналистика факультетінің түлегі.  Отбасылық жағдайына келер болсақ – бір әйелі, екі ұлы бар. Осы кітаптан алынған бір-екілі (қысқа) сатиралық шығармалары. 

ЕМТИХАН

Мал дәрігерлік институтта емтихан жүріп жатыр.

Профессор: Егер мал жұқпалы аурумен ауырса не істейміз?

Студент: Етке салып жібереміз.

Профессор: Шырағым-ау, сонда қалай? Ол малдың етін жеген адамдар ауруға шалдығады ғой.

Студент: Бұл сұрақтың бізге қатысы жоқ деп ойлаймын.

Прфессор: Неге?

Студент: Себебі, ауырған адамды біз емес, дәрігерлер емдеуге тиіс.

                                                       ҮЙЛЕНУ

Үйлену – өз еркіңмен қойнына жылан салу. Онымен өмір бойы арбасып өту. Егер ол шақпайтын болып кездессе – бағың жанды. Ал улы болса, сорыңды қайнатып шағады да отырады. Жыланның тісін қағып алып, залалсыздандыруға болады ғой. Бірақ ондай шеберлер сирек кездеседі.