Наурыз 1, 2008

Жауапты кезең!

Posted in Анау-мынау tagged , , at 11:46 тд жіберуші zhannur

Осы бір аптаның қалай өте шыққанын білмей қалдым. «Келер күн баяу жылжиды, бүгінгі күн сынаптай сырғиды, өткен күн құйындай ұйытқиды» деген сөздің жаны бар.

Бүгін тағы да күндегі әдетіміз бойынша университеттке келдік. Күні бойы дайындық үстінде болдық. Не үшін дейсіңдер ғой. Дүйсенбіден бастап, ҚарМУ мемлекеттік аттестациядан өтеді. Бұл аттестациядан әрбір жоғарғы оқу орны 4 жылда бір рет өтіп отырады екен. Ал біздің ҚарМУ алғаш рет 2004 жылы өткен. Енді міне, биылғы жылға дөп келіп тұр. Әйтеуір бізге келгенде барлығы дайын тұрады. (Тура биыл болуын қарашы!!!) Мектеп бітіретін жылы «тест», «тест» деп республикада бірінші болып ҰБТ тапсырған едік. Бұл сынақтан өттік. Одан оқу орнына түскеннен кейін, яғни 2 курс бітіретін жылы  Мемлекет аралық бақылау болды.  Дәл бізге келгенде мұның да өткізу тәртібі өзгерді ғой. Жылда студенттер ҚарМУ-дың өзінде тапсыратын еді. Бұл жолы басқа университеке барып тапсырдық. Ол сынақтан да өттік. Енді дүйсенбі күні аттестация тапсырамыз. Тағы тест. Әр студент 72 балл жинау қажет. Бірақ журналистика кафедрасына мынадай өзгеріс қойыпты. Тележурналистика мен Публицистика жанры пәндерінен шығармашылық емтихан тапсырамыз. Ал Қазақ журналистикасының тарихы және Журналистикаға кіріспеден тест тапсырамыз.  Бұл тек қана өзіміз үшін емес, кафедра үшін де жауапты сын.

Бұл сыннан да сүрінбей өту керек.

Ақпан 19, 2008

Нұрдың күші…

Posted in Оқыңыз қызық... at 1:23 тк жіберуші zhannur

Бір күні Күн, Су, Жел жағажайда серуендеп жүрген ақ сазандай сұлу қыздың алқызыл көйлегін кім шешіндіре алар екен деп өзара бәстеседі. «Мен шешіндіремін!»-деп алаөкпе Жел бірінші ұмтылыпты. Алақ ұйындатып қойнынан да, қонышынан да сумаңдап, көйлегін жұлқылап, әбден әуреге түсіпті. Қанша жұлқыса да, екі түймесін ағытқаннан басқа дәрменге шамасы жетпепті.

«Е-хе-хе!»-деп сылқылдай күліпті Су. -Шамаң келмейтіні бар, несіне әуре болдың? Енді маған қара!»-деп толқынмен серпи қызды ақ көбікке шомылдырып алыпты да, ағысқа сап екпіндете жұлқи беріпті. Оның да көйлек тігісін сөккеннен басқа ештеңеге шамасы келмепті…

«Бұларың бос әурешілік,-депті сонда Күн көктен күлімдей қарап,-Қызды осынша жұлқып, әуреге салғандарың не?»-деп бар шуағы мен жылылығын жерге аямай төгіпті.

Күн нұрынан ыстықтар, терлей бастаған қыз еріксіз көйлегін шешіп, ақ денесін желге тосып, суға қарай аяңдаған екен.

Осындай қызық әңгімені Кентау қаласының тұрғыны Бекжігіт Сердәлі жазған екен. «Қазақ әдебиеті» газетінен алынды.

Тіс щеткасы Араб елінен тараған

Posted in Оқыңыз қызық... at 1:09 тк жіберуші zhannur

Өзіміз күнделікті пайдаланып жүрген тіс щеткасының арғы тегі қайдан екенін білесіздер ме? Соны мен де білмедім. Жақында ғана интернетттен тауып алып, аударып сіздермен де бөлісіп отырмын. Негізгі әңгімеге көшейін. Сонымен тіс щеткасы осыдан мың жылдай  уақыт бұрын Араб еліндегі мұсылмандардан тараған. «Арак» ағашынан дайындалған тіс щеткасы «мисуәк» (дұрыс атауы «мизвак» емес, «мисуәк»екен, сондықтан кешірім өтінемін) деп аталған. Бертін келе тіс щеткасын 1498 жылы Қытайда шошқа терісінің қылшығынан жасаған. Оны саудагерлер Еуропаға әкелген. Бұл кезде Еуропада жылқы жалынан және борсық терісі қылшығынан жасалған тіс щеткасы қолданыста болған. Уақыт өте келе бұл щеткалардың бірі қатты, ал екіншісі тым жұмсақ болғандықтан, 1938 жылы АҚШ-ң «Дюпон» фирмасы нейлон талшығынан жасалған тіс щеткасын дайындайды. Сөйтіп 1961 жылы АҚШ-та электрлі тіс щеткасы қолданысқа енді. Яғни қолданып жүрген тіс щеткамыздың тарихы осындай екен.

Қаңтар 30, 2008

Банан, банан,

Posted in Оқыңыз қызық... tagged at 10:54 тд жіберуші zhannur

4-сыныпта оқитын інім Арман басқасы басқа, бірақ бананды басқа тәттілерден артық көреді. Ал әжем болса «мынау маймылдың тамағы неге жейсіңдер?»- дейді. Жақсылап ойландым «осы банан қайдан келген». Сөйтсем, бананның үш түрі болады екен. 1.Брамин бананы, 2. Кармик немесе қытай бананы, 3.Палнтайн бананы. Және олар Африкада, Оңтүстік Азияда, Солтүстік Австралия және Малай архипилагында өсетін көпжылдық өсімдік екен. Бұлардың алғашқы 2 түрінің құрамында қант көп болғандықтан, оны үзген соң, көп тұрғызбай, пайдалану керек. Сондықтан  олар  бізге жеткенше жеуге жарамсыз болады. Ал үшінші түрі картопқа ұқсас, құрамында крахмал көп. Және жақсы сақталатын болғандықтан, көп жағдайда шетелдерге бананның осы түрін тасымалдайды. Яғни, біздің күнделікті жеп жүргеніміз осы палантайн бананы екен. (бұл туралы әжеме де айттым) Банан жоғарыдағы түрлердің ішінде тағы бірнеше сұрыпқа бөлінеді. Көп тараған түрлері «Гро Мишель», «Кавендми», «Лакатан» және «Қызыл Дакка» Айтпақшы, бананның құрамында біздің ағзамызға қажетті калий, магний, темір, марганец секілді көптеген минералды заттар мен С, В, В2,В6, РР дәрумендері бар. Сондықтан, бананды анда-санда жеп отырған дұрыс екен. 

Қаңтар 29, 2008

Posted in Ұлылар айтқан ұлы сөз. at 11:33 тд жіберуші zhannur

     Мұсылмандық – дүниенің ұйытқысы болған дін. Бұл діннің қайнар көзі – Құран. Ал құран болса, әлем мәдениетінің негізгі іргетасы. Егер мұсылмандық жер жүзінен жойылар болса, дүние шайқалып кетер еді.

                                                                                                      Ф. Гостонкер.

«Кока-кола» тарихы

Posted in Оқыңыз қызық... at 11:26 тд жіберуші zhannur

Озіміз күнделікті тұтынып жүрген сусындардың тарихын біле бермейтініміз бар. Жеке өз басым бұл сусынның тарихын өткен жылы ған бір газеттен оқыдым. Содан кейін жұрпен бөлісуді ойладым. Біреуге қызық болар, ал мүмкін кейбіреуіңіз білетін де шығарсыздар. Сонымен оқиық…

Баршамызға белгілі «Кока-кола» сусынының тарихы Атлантадағы қарапайым дәріханашы Джон Пембертонның ауласынан басталған екен. Ол 1886 жылы сироп дайындап, оны сол кездегі ең ірі дәріханалардың бірі – «Джейкобсқа» өткізеді. Сол күннен бастап сироптың әр стаканы бес центке бағаланып сатыла бастайды. Кейін дәріханадағы сатушылар сиропқа газдалған су қосады. Содан барып нағыз «Кока-кола» сусыны пайда болады екен. Ал «Кока-кола» атауын Пембертонның досы Фрэнк Робинсон деген адам ұсынады. «Кока-кола» сауда саттық бегісі заңды түрде 1893 жылы АҚШ-та бекітілген.

Posted in Ұлылар айтқан ұлы сөз. at 11:10 тд жіберуші zhannur

… егер оқи қалсаң, оқыған нәрсеңнің негізгі ойын көңілге тоқи біл.

                                                                                                                       Сенека

Барды бағалай білейік!

Posted in Анау-мынау at 10:53 тд жіберуші zhannur

Адам сұлулығының сыры неде? Неліктен сұлу болғымыз келеді? Қалайша сұлулыққа құмармыз?

Айна алдында отырып бет-әлпетіміздің сұлулығына үңіле бергенше, бір сәтке болса да жан жүрегіміздің, ішкі дүниеміздің терең сырларына бойлап көрейікші…

Иә, сен сұлусың, сен әдемісің. Бірақ сыртқы сұлулығымыздан гөрі ішкі рухани жан дүниеміздің әсемдігіне неге мән бермейміз? Адам бойындағы асыл қасиеттердің ен негізгісі ішкі дүние сұлулығы емес пе?

Әрине, кез келген қыз бала сұлу болып көрінгісі келеді.Өңі сұлу болмаса да, түрлі бояуларды жағып, соңғы үлгіде киініп, сымбатты болуға тырысады. Сөйтіп жүріп өзіндік шынайы табиғи сипатынан, жақсы қылығынан айырылып қалады. Содан кейін жасандылыққа бой ұрады. Өз басым «өңі сұлу адамдар өмірде бақытты жандар» дегенге келісе алмаймын. Адамның жаны сұлу болса ғана, оның тәні де сұлу болмақ емес пе? Ең басты байлық – ішкі жанның сұлулығы, ішкі рухани құндылық. Алайда мұны түсініп жатқан қыздарымыз аз. Қазіргі кезде көптеген қыздар косметикалық бояуларды тым ерте қолдана бастайды. Сөйтіп жүріп оған тәуелді болып қалғанын сезбейді. Бояусыз уйден аттап шыға алмайтын болады. Бұл, әрине, өте аянышты. Қазіргі көп құрбыларымыз, замандастарымыз қазақ қыздарына тән табиғи сұлулықтан, ибалылықтан алшақтап барады. Жасанды болмыс-бітімнің, жасанды қылықтың керегі қанша? Өкініштісі бұл сұрақ қыздарды аз ойландырады, кейбіреуін мүлде ойландырмайды да.

Қаңтар 25, 2008

Қазақ блогшыларына арналған семинар

Posted in Анау-мынау at 1:06 тк жіберуші zhannur

Бүгін қаламызда қазақ блогшыларына арналған семинар өтті. Бас қосуға Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ журналистика бөлімінің студенттері және ұстазымыз Мейрамхан Сағынқызы қатысты. Ал семинарды ұйымдастырушы әрі жүргізген белгілі блогер Асхат Еркімбай. Семинар барысында интернет журналистиканың жаңа қыры блогинг туралы мол мағлұматтар айтылды. Жалпы блог дегеніміз не, оны қалай ашуға болады, оның пайдасы қандай т.б сұрақтарға студенттер жауап алды. Жаңамедия, жаңа технологияны пайдалану жөнінде пікір алмасты. Блог ашуға бел буған жас журналистерге семинар өте қызықты әрі пайдалы болды.

Алдыңғы бет