Мамыр 29, 2008

Тұңғыш басылым «ТУГ» еді…

Posted in Бүгінгі сұхбат tagged , at 12:33 тк жіберуші zhannur

Достар, бүгін блогыма жаңа айдар қосып отырмын. «Бүгінгі сұхбат» айдарының алғашқы қонағы ұстазым, Мейрамхан Сағынқызы Жәпек.

  • Мейрамхан апай, журналист болу әйел адамның қолы емес дейді. Осы пікірге көзқарасыңыз қалай?

– Әйел мейірленсе, дүние гүлденіп шыға келері сөзсіз.  Журналистикада да өмірдегідей еркектерден асып түсу керек деген қағида жоқ. Бірақ өз басым жалпы алғанда, жынысқа, тегіне бөлінушілікке қарсымын. Қазақта «байтал шауып бәйге алмас» деген сөз бар. Бірақ оның айтылатын орны, реті бар. Біз бұл нақылды дұрыс қолданбаймыз.

  • Өзіңіз журналистиканың тізгінін ұстап жүрген талай майталмандарды дайындаған ҚазМУ-дің түлегісіз. Журналистиканың атасы Темірбек Қожакеевтің шәкіртісіз. Ал Темірбек ағаның шәкірті болу үлкен бақыт қой. Ұстазыңыз жайлы айтып өтсеңіз?

– 1989 жылы мен ҚазМУ-ге журналистикаға оқуға қабылданғанда жоғары курстың студенттері білім министрлігіне арыз жазып қол жинап жүр екен. Бізге де келді. Сөйтсе Темірбек ағаны 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан кейін жала жауып, оқу орнынан шығарып жіберіпті. Енді соны жастар қолға алып, қайтадан қабылдатпақ екен. Жаппай қол қойып бердік, сөйтіп ағай бізге бес жыл бойы дәріс оқыды. Дәрістерінде мін жоқ. Дәлелді, тартымды, пафосты еді. Қайыспайтындарды жақсы көретін. Еңбекқорларды құрметтейтін. Мақалаларымызды оқыса міндетті түрде елдің алдына айтып мақтайтын. Талабы өте жоғары-тын. Топта елу бала едік. Бәрімізді атымызбен айтатын. Тіпті қайсы облыстан екенімізді, ол облыстағы белгілі адамдарды сұрайтын. Энциклопедиялық білім иесітін. Қалай шақшадай басына осыншама ақпарат сияды деп таң қалатынбыз.

  • Бірнеше жылдар бойы Қарағанды Мемлекеттік Университетінде ұстаздық қызмет етіп келесіз. «Қазақ журналистикасы тарихынан» дәріс оқисыз. Студенттердің қызығушылығы қалай?  

– «Бұрынғы студенттер жақсы еді» деп әріптестерім айтады, өз басым бұрын олай еді, қазір нашар деп айта алмаймын. «Әр заманның тұсында бір сұрқылтай» демекші. Заманына қарай адамы шығар. Өзінің елінің тарихын, баспасөзінің өткенін, білмекке құштар студенттер әлі де жетерлік. Бұрын қазақ баспасөзі 1949 жылы Қ.Бекқожиннің диссертациясынан кейін 1988 жылдан «Дала уалаятының газетінен» басталады деп келді ғой. 1962 жылы жас ғалым Ү.Субханбердина Петербург кітапханаларынан «Түркістан уалаятының газетінің» қазақ тіліндегі сандарын тауып алады. Зерттей келе тұңғыш басылым «ДУГ» емес «ТУГ» екеніне көз жеткізеді. Бірақ тоталитарлық жүйе қазақтың қаршадай қызының жаңалығын мойындауға асықпады. Қазақ журналистикасының тарихын негізгі пән ретінде оқыту сөзсіз тәуелсіздігіміз ұсынған баға жетпес байлық. Дегенмен қазақ баспасөзі тарихын оқытудың, зерттеудің өзекті мәселелері жетерлік. Бұл өзі баяу дамып келе жатқан сала. Жеткен жетістіктерімізге тоқмейілсуге әлі ерте. Баспасөз тарихы арқылы өзгелерге бай мәдениетімізді, нәрлі әдебиетімізді, салт-дәстүріміздің інжу-маржандарын таныстыруға болады. Баспасөз өмір айнасы десе дегендей. Мен журналистика кафедрасының түлектерінің эфирден өткен сюжеттерін көргенде, басылымдардағы мақалаларын оқығанда, олардың мазмұнынан өз қолтаңбамды көремін, сол кезде шексіз бақытқа кенелемін. Ұстаз бақыты деген осы шығар. Әрине, орыс топтарында қазақ баспасөзін мойындамау, мұрын шүйіре қарау сарыны әуелде байқалып қалғанымен, оқу барысында түсінісіп, кейін тіпті олар «қазақ баспасөзі осыншалық бай болған екен-ау» деп таң қалып жатады. Талап, қазақ орыс топтарына да ортақ.

 

  • Мейрамхан апай, журналистикамен қатар оқытушылықты, ғалымдықты қатар алып жүру қиын емес пе? Өйткені көпшілігіміз сізді М.Шоқайтанушы, Тұрартанушы ретінде білеміз?

Оңай десем, өтірік болады. Қызық дегенім дұрыс шығар. Себебі журналистика мен ғылымда ортақ бір нәрсе бар. Ол зерттеу жүргізу. Менің дипломдық жұмысым Мұстафа Шоқайұлының публицистикасы болса, ғылыми диссертациямның тақырыбы «Тұрар Рысқұлов-публицист». Негізінен екеуі екі өңірден шыққан екі түрлі адам болғанымен, екеуінің де саяси бағыты екі түрлі болғанымен, түпкі идеясы-қазақтың бірлігі-тін. Қос бәйтеректің мұрасын зерттеу барысында мен жаз айларында қанша мемлекеттің мұрағаттарынан шаң басқан тарихи құжаттарды ақтардым. Қаншама тың деректер таптым. Осы екі азаматтың дүниесін зерттеу барысында менің таным көкжиегім кеңіді, соның арқасында мен студенттеріме біршама бай мәліметтерге толы дәрістер оқып жүрмін. Менікі ұлтқа пайдалы іс жасау, адал қызмет ету.   

  • 2004 жылы АҚШ-тың, 2005 жылы Швецияның жоғары оқу орындарында оқу-тәжірибе алмасып қайттыңыз. Алған әсеріңіз қандай болды?

– Бұл бағытта мен өзімді бақытты адам санаймын. Ата-бабамыздың «көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен болсың» деуі тегін емес, тағы бір дуалы сөз бар «атың барда ел таны» деген. Бұл елдерге сапар шеккенде мен қазіргі американдықтардың еліне, не болмаса «теңіз жолбарыстары»-викинг тердің еліне бара жатырмын деп емес, бір кездері баһадүр аталарымыздың атының тұяғының дүбірі сондағы мың сан халықтың жүрегін дүрсілдеткен, бабаларымыздың қонысы болғанбір жұртқа бет алдым деп жатсынбай қарадым. Мәселен, Швецияда болғанымда дәрістер басталмас бұрын оқытушы біздің Қазақстаннан келгенімізді естіп, өткен тарихтың жәдігерлерін деректеп, «өз елдеріне қош келдіңдер» дегенде, төбеміз көкке жете жаздағанын мақтанышпен айтамын. Ал, енді осы елдердегі журналистиканы оқыту мәселесіне оралар болсақ, екі түрлі. Бізге сәйкес келмейді. Олардың өздерінде де толып жатқан қарама-қайшылықтар бар. АҚШ-тың бес штатында болып, он екіге жуық қаласын араладық. Мәселен, Миссури журналистика мектебі осы елдегі жоғары оқу орнының бірі болып саналады. Олар дамудың жаңа көкжиегіне көтерілген сыңайлы. Скотт Байрон бастаған ұстаздар (біздегі профессор Намазалы Омашевқа ұқсайды) практикалық журналистиканы дамытуда. Студенттер университет қабырғасында оқып жүріп-ақ, оқу орны аумағынан шықпай қаражат табады. Басылым редакциясы, кең аудиториялардың бірінде орналасқан. Вашингтонда таяу орналасқан Мэриленд университеті журналистика тарихына баса назар аударады. (Ал, бізде әлем журналистикасына қаншама сағат бөлінеді ғой) Негізгі пән ретінде оларда «АҚШ журналистикасы тарихы» жан-жақты оқытылады. Элис Бонер бастаған ғалымдар Америка журналистикасының өткенін зерттеумен айналысатын ғылыми зерттеу институты дерсің. Ал, Мармондар елі, Юта штатында Солт Лейк Ситиде фото журналистикаға толықтай маңыз берген. Жасыратыны жоқ, қазір фото журналистиканың біздің елдегі қарқыны шабан. Техас штатының орталығы Остин журналистика институты баспасөздің қазіргі заманғы өзекті мәселелерін зерттеумен (дін, экология, гендерлік саясат) айналысады. Ал, енді Еуропа елдеріне келер болсақ, мәселен, Кальмар университетінде студенттер бір екі теорялық дәрістен кейін-ақ тікелей эфирлерге қатысып, өздері де батыл сюжеттер жасап, зор әрекеттерге баратыны бізге таңсық болды. Осы жерде студенттердің жас ерекшелігінде айырмашылық бар екендігін ұмытпаған жөн. Мәселен, біздің оқу аудиторияларымызды негізінен, 17-ге жасы енді толған бойжеткен мен бозбалалар толтырса, оларда колледж тауысып келген 21-22 жастағы оң-солын танып қалған, пікір айтуға икемі бар жастар отырады.

  • Әңгімеңізге рахмет. Шығармашылық табыс тілеймін.